Мақалаларды қарастыру және жариялау рәсімі

Мақаланы рәсімдеу талаптары

Мақаланың сыртқы формасы:

Мақаланың шрифті – 12 кегль (аннотация, тірек сөздер, әдебиет – 10, кесте мәтіні – 9-11), қаріп – Times New Roman, теңестіру – мәтін ені бойынша, интервал – бір, абзац шегінісі – 1 см, жиектері: жоғарғы және төменгі – 2 см, сол және оң – 2 см.

Суреттер, кестелер, графиктер және диаграммалар нөмірі мен атауы көрсетіле отырып, тікелей мәтіннің ішінде ұсынылады (мысалы, 1-сурет – Атауы). Суреттер, кестелер, графиктер және диаграммалар саны мақаланың барлық көлемінің 20%-ынан аспауға тиіс.

Мақаланың көлемі (атауы, авторлар туралы мәлімет, аннотация, тірек сөздер, библиографиялық тізімді есепке алмағанда) 2 500 сөзден кем болмауы және 7 000 сөзден аспауы тиіс.

 

Мақала құрылымы:

Алғашқы жолға сол жағынан ҒТАХР нөмірі жазылады, қаріп жартылай қою болуы керек (ҒТАХР http://grnti.ru сілтемесінен алынады).

Мақала атауы (тақырып) мақаланың мәні мен мазмұнын ашып, оқырман назарын аударып тұруы қажет. Тақырып қысқа, мазмұнды болуы шарт. Тақырыптың оңтайлы ұзындығы 7-12 сөзден тұрады. Тақырыпта жаргон мен қысқартулар пайдаланылмайды. Мақала тақырыбы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады. Мақала тақырыбы қою, кіші әріптермен, ортасында беріледі.

Мақала авторы(-лары)ның – аты-жөні және тегі, жұмыс орны (Ескертпе: ЖОО-ның толықатауы) жолдың  ортасынан қою кіші қаріптермен беріледі. Сондан кейін тәртіп бойынша қала, мемлекет атауы жазылады. Барлық орыс және ағылшын тілдерінде, астынан электрондық мекенжайы жазылады.

Төмен қарай жолдың ортасында ORCID ID сілтемесі көрсетіледі. (Тіркелу үшін нұсқаулық  https://orcid.org/);

Аннотация көлемі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 150-300 сөз көлемінде, шрифті 10 кегль болуы тиіс. Аннотация құрылымы төмендегі міндетті тармақтарды қамтуы тиіс:

Кіріспе.

Ғылыми зерттеудің мақсаты, негізгі бағыттары мен идеялары.

Жұмыстың ғылыми-тәжірибелік маңыздылығының қысқаша сипаттамасы.

Зерттеу әдіснамасының қысқаша сипаттамасы.

Негізгі нәтижелер мен талдау, зерттеу жұмысының қорытындылары.

Жүргізілген зерттеудің құндылығы (осы жұмыстың тиісті білім саласына қосқан үлесі).

Жұмыс қорытындысының практикалық мәні.

Тірек сөздер / сөз тіркестері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі (5 сөз/сөз тіркесінен кем болмауы керек).

Мақала мәтіні кіріспе, материалдар мен әдістер, әдебиетке шолу, нәтижелер және талқылау және қорытынды бөлімдерінен тұрады.

«Кіріспе» бөлімі мынадай негізгі элементтерден тұрады: тақырыпты таңдауды негіздеу; мәселенің өзектілігі, зерттеу мақсаты. Зерттеуге негіз болатын тәжірибені сипаттау барысында тақырыпты таңдауды негіздеуде проблемалық жағдайдың болуы туралы хабарланады (басқа зерттеулердің болмауы, жаңа объектінің пайда болуы және т.б.). Тақырыптың өзектілігі осы объектінің зерттелуіне жалпы қызығушылықпен анықталады, тақырыптың теориялық немесе практикалық маңыздылығымен дәлелденеді; объектіні, пәнді, мақсаттарды, міндеттерді, әдістерді, тәсілдерді, гипотезаны және жұмыстың мәнін анықтауды қамтиды.

«Материал мен әдістер» бөлімі материалдар мен жұмыс барысын сипаттаудан, сондай-ақ пайдаланылған әдістердің толық сипаттамасынан тұруға тиіс. Зерттеу материалын сипаттауда оның сапалық және сандық жағы көрсетілуі қажет.Материалдың сипаттамасы - тұжырымдар мен зерттеу әдістерінің дұрыстығын анықтайтын факторлардың бірі. Бұл бөлімде:

- мәселенің зерттелу дәрежесі сипатталады;

- бұрын жарияланған белгіленген жайттарды қайталамай толық ақпарат берілуі қажет;

- жабдықты (бағдарламалық жасақтаманы) сәйкестендіру және материалдар мен әдістерді қолдану кезінде міндетті түрде жаңалық енгізе отырып, материалдардың сипаттамасы қолданылады.

Ғылыми әдістеме мыналарды қамтуы керек:

- зерттеу мәселесі;

- гипотеза (тезис);

- зерттеу кезеңдері;

- зерттеу әдістері;

- зерттеу нәтижелері.

«Әдебиетке шолу» бөлімінде отандық және шетелдік авторлардың іргелі және жаңа жұмыстары, оларды авторлардың ғылыми үлесі тұрғысынан талдау, сондай-ақ автор өз жұмысында толықтыратын зерттеу қамтылуға тиіс.

«Нәтижелер және талқылау» бөлімінде мақаланың маңызды және негізгі бөлімдерінің бірі ретінде автор алған зерттеу нәтижелерін талдау және талқылау, ғылыми тұжырымдар жасау керек. Алдыңғы жұмыстар, талдаулар мен қорытындыларды салыстырғанда зерттеу нәтижелерін талдау және тиісті нәтижелерді талқылау қажет.

«Қорытынды» бөліміжұмыс нәтижелерін қорыту және қорытындылау; автор алға қойған тұжырымның растығын және алынған нәтижелерді ескере отырып, қорытындысын растаудан тұрады. Қорытынды абстрактілі болмауы шарт. Ол белгілі бір ғылыми саладағы зерттеу нәтижелерін қорытындылау үшін, ұсыныстар немесе одан әрі жұмыс істеу мүмкіндіктерін сипаттай отырып қолдану керек.

Қорытынды келесі тармақтарды қамтуы тиіс: зерттеудің мақсаттары мен әдістері қандай болды; зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары; зерттеудің келешегі және әзірлеуді енгізу, қолдану мүмкіндіктері.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде кириллицамен ұсынылған еңбектер болған жағдайда, әдебиеттер тізімін екі нұсқада ұсыну қажет: біріншісі – түпнұсқада, екіншісі – транслитерацияланған әліпбимен беріледі.

Пайдаланылған әдебиеттер МЕМСТ 7.1-2003 «Библиографиялық жазба. Библиографиялық сипаттама. Жалпы талаптар және құрастыру ережелеріне» сәйкес рәсімделеді (КОКСОН тізіміне кіретін басылымдарға қойылатын талаптар).

Транслитерацияланған әдебиеттер тізімін рәсімдеу келесідей болуы қажет: автор (лар) → (жақшадағы жыл) → транслитерацияланған нұсқадағы мақала атауы (транслитерация немесе ағылшын атауы - бар болса), ағылшын тілінде басылған шығыс деректері (транслитерацияға сілтеме - http://www.translit.ru).

Мысалы: Сайрамбаев Т.С. (1991) Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Рауан, 1991. – 174 б. / Sairambayev T.S. (1991) Soz tіrkesі men zhai soilem sintaksisі [Syntax of phrases and simple sentences]. – Almaty: Rauan, 1991. – 174 p. (in Kazakh)

Әліпби тәртібімен авторлардың тегі көрсетіледі (тегінен кейін үтір қойылмайды); тегінен кейін дөңгелек жақшада жарияланымның шыққан жылы көрсетіледі. Барлық сызықшалар мен қиғаш сызықтарды алып тастау керек (яғни, бөлу белгілері). Егер дереккөз қазақ тілінде болса, сілтеменің соңында (in Kazakh), егер дереккөз орыс тілінде болса (in Russian) т. б. беріледі.

Мәтінге сілтемеде бірінші авторы, шыққан жылы, бет (-тер) саны көрсетіледі. Мысалы, (Ысқақов, 1991: 25). Егер әдебиеттер тізімінде бір автордың сол жылы жарияланған бірнеше жұмыстары болса, шыққан жылына «а», «б» әрпі және т.б. Мысалы, (Қайдаров, 2010а: 24), (Қайдаров, 2011б, 28).

Қолжазбаның төменгі жағында жұмыс орны, ғылыми дәрежесі, атағы (бар болса) және лауазымы, байланыс тағы бір рет көрсетіледі.